Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 1970 жыл.
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Есет батыр көшесі мен Ә.Молдағұлова даңғылының қиылысы.
Тарихи мәлімет: Ескерткіш Кеңес билігін орнатуға және Ұлы Отан соғысында шайқасқан ақтөбеліктердің құрметіне қойылған. Азамат соғысы жылдарында Ақтөбе, Торғай облысының революциялық күшінің контрреволюциямен күресінде тірегі болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ақтөбеліктер Мәскеу, Сталинград, Украина мен Беларусь жерлерінде қызыл әскер қатарында да, партизандар отрядтарында да фашизмге қарсы соғысып ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш жауынгер бейнесінің композициялық бірігуінен тұрады. Жауынгер, азамат соғысы жылдарында киген буденовка, қызыл әскер шинелі секілді элементтерден тұрады. Беті шығыңқы, көзі қысық, мұрны кең ұлттық келбет. Оң қолында жоғары көтерілген қылыш, сол қолы жұдырығы түюлі күйінде төмен түскен. Майданда қаза болғандардың құрметіне жауынгер қарап тұрған мәңгілік алау жағылған. Ескерткіш қызғылт түсті граниттен тұрғызылған. Биіктігі 18 метр.
Мүсінші Н.Соболев, сәулетші Т.Жанысбеков.
2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70-жылдығына арналған шаралардың аясында ескерткіш қайта жаңғыртылды. Атап айтқанда мемориалдық кешендегі гранитпен қапталған «Батыр қалалардың» ескерткіш тақтайшаларының конфигурациялары өзгертіліп, олардың артына желбіреген жалау пішінінде 3 метр биіктікте қабырға тұрғызылды.