Ескерткіштің атауы: Әбубәкір Кердерінің кесенесі
Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет
Ескерткіштің мерзімі: 2000 жыл.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Болгарка ауылы.
Тарихи мәлімет: Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы (1861-1903), ақын. Зираты Жабасай қорымында. Кіші жүз Жетіру тайпасының Кердері руынан шыққандықтан, ел арасында «Кердері Әбубәкір» атанған. Бабасы — Таран тұқымынан, өнерпаздар көп шыққан. Өз әкесі Боранқұл қолөнер шебері әрі сауықшы адам болған. Ер шауып, ағаштан туйін түйіп, тыным таппай, шоқандап отыратындықтан, жеңгелері «Шоқан» атаған. Ел арасындағы осы лақап атымен бірқатар зерттеушілер Әбубәкірді Шоқанұлы деп келді. Әбубәкір ауыл молдасынан сабақ алып, кейін Орынбор, Троицк қалаларындағы мектеп, медреселерді бітірді. Тұзтөбе, Орал, Ақтөбе, Ор, Орынбор маңындағы елдерде бала оқытты, дін шариғат жолын ұстады. Сауатты, сергек, шешен, ақындық өнерді ардақ тұтатын Әбубәкір біраз жыл ел әкімдерінің қасында жүріп, хатшылық қызметтер атқарды. Сарыарқа, Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңіріндегі ақын, жырауларды жақсы білген. Шығармалары 1902, 1905 ж. «Әдебиет қазақия, яки Әбубәкір молланың сөздері» деген атпен екі дүркін жарияланған. Өлең-толғаулары ел арасына кең тараған. Туындылары өлең, толғаулар, хат-өлеңдер, арнаулар, айтыстар, шежіре-жырлар түрінде келеді. Өлең толғауларында заман, адам, дін, өнер, ғылым, әдет-ғурып, имандылық, мінез-дағды туралы тебіренді, дәуір бағдарын байқап, халқымыздың бағзы тұрмыс-тіршілігі мен хал-жағдайын жырлады. Өлең, толғаулары «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1985, 1989) жинақтарында жарияланған. «Қазағым» аталатын жеке жинағы 1993 ж. жарық көрген.
Ескерткіштің сипаттамасы: Жоспары алты қырлы центрлік бір камералы күмбезді мавзолей. Ақ түсті силикат кірпіш пен қызыл кірпіштің комбинациясымен салынған. Алты қыры қамал мұнарасы секілді тұрғызылып, пирамида пішінді декоративті металлмен тұйықталған. Күмбез үстіне айшық орнатылған. Мавзолейдің ұзындығы – 3,950 м., ені – 3,600 м., биіктігі – 6,500 м.