Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: 2000 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылынан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай 13 км.
Зерттелуі: Көтібар батыр Бәсенұлы туралы көптеген орыс-қазақ зерттеушілері бірнеше монографиялар мен кітаптар жазды.
Қысқаша анықтамасы: Кесене Ақкемер аулынан шығысқа қарай 13 км. қашықтықта орналасқан. Кесене биіктігі 12 метр. Маңғыстау түбегінен жеткізілген ұлутастан өрілген кесене 2000 жылы сәулетші Әбдіғали Баяндиннің нұсқасымен салынған. Кесене жанына орнатылған құлыптас бетінен Көтібардың үзеңгілес, қарулас замандастарының есімдерін оқуға болады. Кесене мемлекеттің қамқорлығына алынған. Көтібар батыр кесенесінің архитектуралық тұрқы мен сәулеті, мазмұны жағынан ерекшелігі мол. Оның мазмұнында ХІХ ғасырдағы қазақ халқының бостандыққа ұмтылысы, күресі қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің жетістігімен ұштастырылған.
Аңыз-әңгіме: Анасы толғатқан кезде Пұсырманның кенжесі Сексеннің үлкен баласы Саңырық әулиенің үйіндегі әжеміз бас-қасында болып, Көтібарды туғызып, етегіне орап алған адам болатын. Баланың денесі ірі, жауырынның ортасында бармақтай түкті қалы бар, қасы қалың, көзі ашық, сол жақ уысында бір талшық қылдай қан уыстап туған екен. Бала түскесін, Нарбике есін жиған соң әжені Саңырық атаның батасын алуға және белгілерін айтып, атын қою үшін жұмсапты. Әжей жүгіріп келіп, Саңырық әулиеге барлығын жеткізіпті. Саңырық әулие: «Аузыңа құдай салған шығар, аты Көтібар болсын, бұл ердің ері, жігіттің жігіті болады. Жауырында қалы болса, дұшпаны қарсы келмес көкжал батыр болады екен, қабағы қалың, көзі ашық болса, дүниенің төрт бұрышын тегіс көремін, өзім билеймін деп туған екен. Ал уысында бір талшық қаны болса, заманында қантөгіс көп болатын шығар, мен бата берсем қанішер, қатыгез, мейрімсіз болар, баламыз құтты болсын, аты Көтібар болсын!» деп тұжырым жасапты.
Көтібар батыр қазақтың Шекті руынан шыққан белгілі тарихи тұлға. Атақты Сырым Датұлының үзеңгілес серіктерінің бірі, азаттық үшін күрескен халық батыры. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасындағы басты кейіпкер.