Молдағазының көк мешіті

Атауы: Молдағазының көк мешіті

Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет

Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғасырдың басы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қожасай ауылынан солтүстік – шығыста 2 шақырым 25 метр, Жем өзенінің оң жағалауы

Ескерткіштің сипаттамасы: Мешіт төртбұрышты жобада күйдірілген кірпіштен салынған. Мешіттің солтүстік бөлігінде саман кірпіштен қосымша құрылыс салынған. Бастапқыда төбесі ағаштан тұрғызылып, темір қаңылтырмен жабылған. Жасыл бояумен боялғандықтан «көк мешіт» аталған.

Мешіттің ұзындығы – 18,780 метр, ені – 7,570 метр, биіктігі – 4,500 метр. Мешіттің ішкі жобасы өзгертілген. Михраб орны кірпішпен қаланған. Қазіргі уақытта қосымша құрылысын қоса есептегенде 9 бөлме бар. Мешітте 10 терезе, 9 есіктің орны сақталған.

Мешіт ғимараты кеңес өкіметі тұсында метеостанция ретінде пайдаланылған. Мешітке қарама – қарсы Қожасай ауылының қорымы орналасқан. Қорымда Молдағазы ишан мен оның балалары жерленген. Баласы Шәріптің бейіті мешіттің оңтүстік – шығыс бұрышында шарбақпен қоршалған.

Тарихи мәлімет: Ақпарат Молдағазының 1955 жылы туған шөбересі Шарипов Жасғас Гайгаддинұлынан алынған.