Сәрке батыр ескерткіші

Атауы: Сәрке батыр ескерткіші

Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы

Ескерткіштің мерзімі: 2019 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қосестек ауылының оңтүстік шетінде орналасқан

Ескерткіштің сипаттамасы: Сәрке батырдың ат үстінде, оң қолымен жағалбайлы руының таңбасы бар найза ұстаған көрінісі мүсінделген. Мүсін мыстан құйылып, ат әбзелдері мен батырдың қару – жарақтары шеберлікпен суреттелген. Тұғыры бетоннан салынып, гранитпен қапталған. Табанының ұзындығы – 3,840 метр, ені – 8 метр. Тұғырының ұзындығы – 2,070 метр, ені – 4,580 метр. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,210 метр.

Мүсінші Ә.Ахметов.

Тарихи мәлімет: Сәрке батыр Меңдібекұлы – Жағалбайлы тайпасынан шыққан қанды қырғын, аласапыран заманда, «ақтабан шұбырынды» деп аталатын, қазақтың төбесіне қара бұлт төнген заманда найзасы мен садағын қолға ұстап, қаптаған қалың жоңғарға қасқая қарсы тұрған нағыз батырдың бірі. Сәрке батыр 1690 жылы дүниеге келді, шын есімі Меңдібек Шоңмұрынұлы.

Батырдың жастық шағы қазақтың ең атақты хандарының бірі Әз – Тәукенің заманынан басталып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ел басқаруымен тығыз байланысты. 1716 жылғы Бөкенбай бастаған Кіші жүз сарбаздарының қалмақ пен казактарға қарсы соғыстарында Сәрке батыр ерлігімен көзге түскен. 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен белгілі болған жоңғар шапқаншылығы заманында Тайлақ батыр бастаған Жағалбайлы сарбаздарымен киелі Ырғыз, Торғай өзендерінің арасында жоңғардың қалың қолын үш жыл бойы алға жылжытпай тоқтатып тастаған Алшынның 25 рулы елінен шыққан 25 батырдың бірі.