Жанаман ахун қорымы және мешіті

Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың ортасы – XX ғасырдың басы

Орналасқан жері: Шалқар ауданы, Астауши ауылы

Қысқаша анықтамасы: 1997 жылғы 26 мамырда Шалқар қаласының мешітіне Жанаман Аһун Сейтімұлы есімі берілді. 2004 жылы Мырзақоңырдағы көне мешіттің дәл орнындағы ізімен 7 х 18 метр, биіктігі 10 метр мұнарасы бар жаңа мешіт салынды. Қазір ата мешітінде халық садақа беріп, басына түнейді.

Тарихи мәлімет: Жанаман Сейтімұлы 1884 жылы Шалқар ауданы Ордақонған ауылында дүниеге келген. Жанаман Сейтімұлы жасынан бастап Әбдіғалым имамның мешітінде, одан кейін Қарағалыдағы Қазан мұсылмандар діни басқармасына қарайтын діни медреседе  Дәулет, Әлкен ұстаздардан оқып- білім алған.  

Білімін жетілдіру мақсатында Хорезм қаласындағы арнаулы діни оқу орнында оқып, ашрихат (диплом) алып ресми түрде имам дәрежесіне ие болды. Ұлы құмның бойындағы Мырзақоңыр деген жерде мешіт салдырып 1920 жылға дейін балаларды оқытқан. Қейін кеңес үкіметінің қудалауына ұшырап, Өзбекстанға қоныс аударып, Бесқала маңында мешіт ұстаған, имам болған. 1949 жылы Жанаман Сейтімұлы өзінің туып өскен Шалқар өңіріне қайта оралып, аудан орталығы Шалқар қаласындағы мешітті Дихан молдадан қабылдап алып, 1968 жылға дейін осы мешіттің имамы болып абройлы еңбек етеді.

1958 жылы Жанаман ата Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас муфтиі Бабахан ұйымдастырған Құрылтай жұмысына белсене араласып, осы діни басқармасының мүшесі болады. Осы құрылтайда бас муфти Бабаханның шешімімен «Аһун» діни атағы берілген. Алла тағаланың ақ жолын, Ислам мен Шариат шарттарын халыққа талдап түсіндіре отырып, ел арасында имандылық нұрын сепкен. Жанаман Аһун араб, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген, діни ортада өте беделді. Қазақстан мен Орта Азия қайраткерлер арасында белгілі тұлғалардын бірі болған. Ел арасында сыйлы, өте беделді, парасатты, сыпайы, инабатты кісі болған. Жанаман Аһун 1968 жылы 84 жасында мәңгі бақи дүниеге өтті.