Ескерткіштің атауы: Жанаман ахун қорымы және мешіті
Ескерткіш түрі: Қала құрылысы және архитектура
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғ. ортасы – XX ғ. басы
Ескерткіштің орналасқан жері: Шалқар ауданы, Астауши ауылынан 5 км оңтүстік-оңтүстік-батыста
Тарихи мәлімет: Білімін жетілдіру мақсатында Хорезм қаласындағы арнаулы діни оқу орнында оқып, ашрихат (диплом) алып ресми түрде имам дәрежесіне ие болды. Ұлы құмның бойындағы Мырзақоңыр деген жерде мешіт салдырып 1920 жылға дейін балаларды оқытқан. Кейін кеңес үкіметінің қудалауына ұшырап, Өзбекстанға қоныс аударып, Бесқала маңында мешіт ұстаған, имам болған. 1949 жылы Жанаман Сейтімұлы өзінің туып өскен Шалқар өңіріне қайта оралып, аудан орталығы Шалқар қаласындағы мешітті Дихан молдадан қабылдап алып, 1968 жылға дейін осы мешіттің имамы болып абройлы еңбек етеді.
1958 жылы Жанаман ата Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас муфтиі Бабахан ұйымдастырған Құрылтай жұмысына белсене араласып, осы діни басқармасының мүшесі болады. Осы құрылтайда бас муфти Бабаханның шешімімен «Аһун» діни атағы берілген. Алла тағаланың ақ жолын, Ислам мен Шариат шарттарын халыққа талдап түсіндіре отырып, ел арасында имандылық нұрын сепкен. Жанаман Аһун араб, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген, діни ортада өте беделді. Қазақстан мен Орта Азия қайраткерлер арасында белгілі тұлғалардын бірі болған. Ел арасында сыйлы, өте беделді, парасатты, сыпайы, инабатты кісі болған. Жанаман Аһун 1968 жылы 84 жасында мәңгі бақи дүниеге өтті.
1997 жылғы 26 мамырда Шалқар қаласының мешітіне Жанаман Аһун Сейтімұлы есімі берілді. 2004 жылы Мырзақоңырдағы көне мешіттің дәл орнындағы ізімен 7 х 18 метр, биіктігі 10 метр мұнарасы бар жаңа мешіт салынды. Қазір ата мешітінде халық садақа беріп, басына түнейді.
Жанаман Аһун Сейтімұлы кезінде өзі айтқан өлмейтін өсиет сөзі аһунның құлыптасында жазулы тұр: «Ей жамағат, қайырылып дұға оқыңыз. Бізде сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз». Зерделі Аһун кейінгі ұрпаққа: Тумақ пен өлмектің рас екенін, қамшының сабындай қысқа да жалған (фәни) бұл өмірге адамдардың сынақ үшін келген қонақ екенін, жалған өмірмен мәңгі (бақи) өмірдің билігі Алла тағаланың қолында екенін соңдықтан, мәңгі өмірге лайық болу үшін бір-бірімен адамша өмір сүріп, рухани тазалықты сақтаңдар деген философиялық ой тастап тұрған жоқ па?
Ескерткіштің сипаттамасы: Мешіт қорымы далалықтың барқын құмдарымен шекарасында орналасқан (батысында 10 км қашықтықта Айшуақ ауылы (Бегімбет) бар). Қорым көне және жаңа молалардан тұрады. Көне бөлігі қоңыр құмдақты тақтайша тастардан қаланған тас қоршаулардан құралады, олардың ішінде кейбіреулері бестен артық молалардан тұрады, яғни қорған типті болып келеді. Жаңа молалар жаңа құрылыс материалдардан қаланып, бір-біріне өте тығыз орналастырылған. Қорымның оңтүстік-шығыс бұрышынан, информаторлардың айтуынша, мешіт-медресенің орны болған, оның орнына қазіргі таңда жаңа мешіт салынған. Қорымның ерекшелігі болып темірбетонды құлпытастарға ұшарбасының деңгейінде батыс қырында айна орнатылған. Мешіттен 100 м қашықтықта оңтүстікке қарай православты молалар кездеседі. Олар темір қоршаулардан тұрады. Қоршаулардың ішінде темір қаңылтырдан кішкене пирамидалар қойылған, төбесінде жұлдызы бар (келесі фамилиялар көрсетілген: Башлаев Владимир Михайлович 1952-1973; Шкурат Мария Семеновна 1903-1989; Смага…; Смага Степан Васильевич 1927-1977; Проскурина В.Ф. 1952-1986). Мешіттің оңтүстік-шығыснда 50 м қашықтықта құдық бар.
Мешіт пен қорымның жалпы өлшемі: 500 х 300 м.