Исатай мешіті

Ескерткіштің атауы: Исатай мешіті

Ескерткіш түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғ.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан 4,7 шақырым оңтүстік-шығыста

Тарихи мәлімет: Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С. Әжіғали) зерттеді. Исатай мешіті туралы С.Әжіғалидың «Архитектура кочевников феномен истории и культуры евразии» атты моногорфиясы мен «Ескерткіштер-ел тарихы» атты кітапта ақпараттар беріліп,  1984 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші есебінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Ел аузындағы айтылған тарихта мешітті шөмекей тайпасы тоқа руының арзығұл бөлімі Шомбал деген байдың баласы Ағымбай ХХ ғасырдың басында әкесіне арнап салдырған. Жыға деген ұста, шәкірттері Бисенғали, Хасенмен бірге кірпіштерді сол жерде құйып, күйдіріп мешіт құрылысына пайдаланған. Мешіт  екі бөлмеден: кірер ауыз және үлкен бөлмеден тұрады. Кірер ауыздағы бөлмеде кітап қоятын сөрелер болған. Мұнара бөлмелерге жапсарлас бөлек салынған. Мешіт құрлысы аяқталған соң Ырғыз уезі ақсақал-тәуіп болысы Саудабек Сәтбайұлы Исатай Сатыпалдыұлын Темір уезінен  алдырып, осы мешітке имам етіп тағайындайды.

1930 жылы 8 наурыз күні қызыл үкімет  белсенділері мешітті мемлекет  қарамағына алып, қойма ретінде пайдалануды талап етеді.  Мұқатай ахун, Айжарқын Қанаев, Түменбай хан сияқты елге ықпалды адамдар мен Исатай ахун 400 ден аса адамды жинап,  бұл қиянатқа қарсы шықты. Қызылордадан пулеметпен қаруланған, Ақаев бастаған 15  қызыл әскер, Ырғыздан 50-60 қаруланған топ көтерілген халықты қару күшімен басып, жоғарыда аталған көтірілісшілердің басшыларымен бірге Исатай да қаза тапты. Сөйтіп 30 жылдардағы «Ырғыз көтерілісінің» бастауында Исатай ахун болды. 

Ескерткіштің сипаттамасы: Мешіт (10м х19 м) төртбұрышты, қабырғалары шикі қам кесек пен күйдірілген қызыл кірпіш араластырылып қаланған. Солтүстік бұрышқа жерден бастап күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген 8,5 м. мұнара орналасқан. Конус тәрізді мұнараның басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақ азан шақыратын орынға  алып шығады.