«Керуен-сарай» тарихи-архитектуралық кешені. Мешіт

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғ.

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл ауылы.

Зерттелуі: Алғаш зерттеу жұмыстары 1973 жылы жүргізілген. Тәуелсіздік жылдары Көкжар мешітінің зерттелу тарихы Ойыл ауданының белгілі жазушылары Құрал Тоқмырзин мен Сырым Бақтыгерейұлының ғылыми еңбектеріне енді. (2001, 2009 ж.).

Қысқаша анықтамасы: Мешіт 1893 жылы салына бастады. Ірге тасы жабайы таспен төселіп, тастама белдіктері түйе арбамен Орынбордан тасылған, табаны қызыл кірпіштен қаланған. Мешіт діни ағартушылық бағытында жұмыс жасаған.

Алғашқы бас имамы Сағидолла Ізтілеуов – араб, парсы, орыс тілдерін игерген сауатты адам болған, ол  1926 жылы  Ойыл мешітіне хазірет болды. Өңірде діни тәрбиенің өрісі ашылды. Тек 1926  және 1930 жылдар арасында Ойыл ауданында 15 дін мектебі ашылды, 20 мешіттің жұмысы жанданып, қалпына келтірілді. Одан кейінгі Бұхарадағы Мір-Араб медресесін тамамдаған — Хазірет Хасан. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мешіттің діни белгілері қиратылып, драма театр үйіне, техникалық – шаруашылық қоймаға айналдырылды. Жергілікті жерде күйдірілген қызыл кірпіштен сәндеп тұрғызылған мешіт үйі талай жыл қараусыз қалса да асылдың сынығындай болып бүгінгі күнге жетті. Тәуелсіздік демімен қайта 1999 жылы жөнделіп, қайтадан мешіттік қалпына келтірілді. Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы имамы Алтынбек Какиев болды.

         2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілді және аула аймағы абаттандырылды. Қазіргі таңда халыққа рухани азық ісінде өз қызметін атқарып келеді.

Көкжар мешіті руғани тазалықтың орталығы болған және қазіргі кезге дейін сақталып жұмыс жасап тұрған ХІХ-ХХ ғасырдың ерекше сәулеттік құрылыс ғимараты. Қазіргі таңда туризм саласын дамытуда, жергілікті халықтың рухани байлығын кеңейтуде тарихи маңызды қызмет атқарады.

Аңыз-әңгіме: Көкжар мешіті — Ақтөбе облысындағы ең ескі мешіттердің бірі. Мешітті тауар тасушы татар көпестері салған деседі.

Мешіт тарихына қатысты ел аузында тараған аңызға толы әңгімелердің бірі Ойылдағы жер асты жолының мешітпен ұштасып жатқандығы. Осы жер асты жолы арқылы көпестер сауда қатарларына және бай көпестің үйіне қатынап отырған. Осы жер асты жолы мешіттен сауда қатарына және Бай көпестің үйі аралығында бірнеше шақырымда болған, қазіргі таңда зерттеуді қажет етеді.

Мешіт күмбезінің алғашқы түп-нұсқасы мұсылман күмбезі іспетес күмістен жасалып, үлкен айшығы болған. Саяси қуғын – сүргін жылдары мешіт күмбезі құлатылып, жергілікті сайдың бойында жасырылған деген халық ұсынған аңыз деректер кездеседі.