Атауы: Н. Байғаниннің ескерткіш — мүсіні
Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет
Ескерткіштің мерзімі: 1977 жыл
Орналасқан жері: Байғанин ауданы, Қарауылкелді ауылы, Барақ батыр көшесі 52, Мәдениет үйінің алды
Ескерткіштің сипаттамасы: Ұлттық киімде, басына бөрік киген, ұлттық музыкалық аспап — домбыраны қолына ұстаған бюст гипстен жасалып қола бояумен боялған. Бетоннан жасалған және мәрмәрмен боялған тікбұрышты пішінді тұғырға орнатылған. Бюсттің биіктігі — 2 метр. Тұғырының өлшемдері – 1, 70 см. x 0,80 см. Тұғырда орыс тілінде «Н. Байганин» деген жазуы бар.
Сәулетші: Жанысбеков Т., мүсінші:Серкебаев В.
Тарихи мәлімет: Байғанин Нұрпейіс (1860-1945) — халық ақыны, Қаз. КСР — нің еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Нұрпейіс бала кезінен — ақ ән салып, домбыра тартқан анасы Үміттің ықпалы мен қолдауымен поэзияға бейімділік танытты. Ол өте ерте жастан айтысқа қатысатын ақындар өнеріне қосылып, халықтық батырлық эпостарды үйренді. Нұрпейіс Темір, Ойыл, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерінде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман — Шолпан» атты жырларды жырлаған. Ол басқа ақындармен бірге поэзиялық жарыстарға түсіп, әрдайым жеңіп отырған.
Байғаниннің революцияға дейінгі репертуары негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын эпостық жырлар. 1939 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен, 1940 жылы Құрмет Белгісі орденімен марапатталған.