Жаныс би кесенесі

Ескерткіштің атауы: Жаныс би кесенесі

Ескерткіш түрі: киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғ. Ортасы

Ескерткіштің орналасқан жері: Ырғыз ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан 2,6 км батыс-оңтүстік-батыста

Тарихи мәлімет: Жаныс би Сығайұлы– төртқара руының биі. Ырғыз өңірінде ел басқару ісіне ерте араласып, билік құрған. Ел мен ел, ру мен ру арасындағы үлкен даулардың төбе биі болған. Жаныс Құламан тайпасының Алтай тармағының ресейлік патша өкіметі құптаған мөрі болған. Мөр өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған.

Жаныс би – әйгілі би, халық пір тұтқан тұлғалардың бірі. Бұл кесенені жергілікті халық «Қызыл там» деп атап кеткен. Бұл кесене ғибадат орыны. Жаныс би кесенесі қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді. Жаныс Сығайұлы 1769-1867 жылдары өмір сүрген, табиғатынан ақылды әрі шешен, болмысында әруақтылық, сүйегінде әділдік қасиеті болған би. Ел Жанысты – сардар, дана би атаған. Жаныстың адалдығы мен әділдігін: «Жаныс биде туған жоқ, бар деушіде иман жоқ» деп нақылға жуық жолдармен айтқан.

Ескерткіштің сипаттамасы: Оңтүстік-батыс қырында есігі бар орталықтанған сегіз қырлы кесене. Ескерткіш айқын сегіз қырлы болып келеді. Жоспардағы сегіз қырлы орталық кесене, оңтүстік-батыс қырында тікбұрышты кіру есігі бар. Композициялық ескерткіш нақты көрсетілген сегіз қырлы, онда 41-қырлы және 8-қырлы барабандар біртіндеп орнатылған, қырлары  жайпақ көтерілген пирамидалы күмбезібен аяқталған.

Кесене қабырғалары балшық ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен салынған, қабырғалар сызығынан 10 см шығарылған екі сатылы цокольге негізделеді. Іргетас табылған жоқ. Қалаулардың кейбір жерлерінде, әсіресе кесененің жоғарғы бөлігінде шитті кірпішпен қалау қолданылған.

Кесененің интерьеріне тікбұрышты өтпелі ойық апарады, олардың үстінен қамыс төсемі бар балкалармен жабылған. Интерердің едені сыртқы көмулерге байланысты кіре берістің салтанатты бөлігімен салыстырғанда едәуір қираған. Қабырғалар ішінен де панель деңгейіне дейін сегіз қырлы, одан жоғары аркалы ойықтардың тіреулері орнатылған. Күмбез шеңберіне өтуді үш қабатты желкенді-ойықтар мен ұяшықты тромпалар жүйесі жүзеге асырады.

Күмбез  қалауы  радиалды-сыналы. Камераның еденінде төрт жерлеу орны бар, оның екеуі шитті сағана типті қабір үсті тас, ал екеуі қамыс матамен жабылған.