Ескерткіштің атауы: Жолай Жүсіп бейіті.
Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және архитектура.
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғ. ортасы мен аяғы.
Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе обл., Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 км.
Тарихи мәлімет: Жолай тамы Белқопада. Жолай, Құлтас, Жанбақты. Төртқараның атақты байы. Жомарт, халыққа қайырымы көп тиген бай. Белқопаның айналасы, Үй мола бойы, Қайрақты бойы, Талдықтағы Қазанғапқа дейін Жолайдың жері, малының жайылымы. Жолайда біреулер үш мың, біреулер бес мың жылқы болған дегенді айтады. Жылқысының санын Жолай бай өзі де білмепті. Қалың жылқы тал түсте бір мезгілде келіп айналасы атшаптырым Белқопаның байтақ көліне құлап, жағалай су ішуге тұра қалғанда, көлді сақина қылып көмкеріп тастауға кішкене ғана жер жетпеген екен. Жолайдың Жүсіп деген баласы болған. Өте мырза кісі болған деседі. Кім не сұрап келсе де, бетін қайтармай, ат десе атын, сауын десе сауынын берген, ешкімді құрқол қайтармаған. Сол Жүсіп жастай қайтыс болыпты. «Мырзалығың Жолайдың Жүсібін дей болсын» деген сөз содан қалған. Мырзалардың ішінде байлықтың рахатын көрген, елге де қайырымы тиген жомарты, көзі ашығы, ең мықтысы – осы Жүсіп.
Ескерткіштің сипаттамасы: Бейіті Белқопада орналасқан. Күмбезді мазары күйдірілген кірпіштен қаланған. Ескерткіш күмбезді, ертедегі сәулет өнерімен көркемдеген. Кезінде көркем болған дейді айтушылар. Қазір там шөгіп, жер болуға жақын.