1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Түйетөбе» обелиск-ескерткіші

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 1990 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Садовое ауылынан 4 км солтүстік-шығыста.

Қысқаша анықтамасы: Ескерткіш-белгі – стилобад, тұғыр және монументтен тұрады. Монументтің өзі  «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым», «Жертвам репрессии 30-50-х годов от благодарных потомков. Смерть Ваша безвинна, память о Вас вечна» деген сөздер жазылған табиғи тас.

Зерттелуі: Тарихшылардың есептері бойынша, 30-шы жылдардағы репрессия кезінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбірулерінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны педагогикалық институттың тарих факультетінің Сергей Гуцалов басшылығындағы археологиялық отряды Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтады. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі байқалған.

Жыл сайын 31-мамырда осы ескерткіш-белгі Түйетөбенің басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналып, олардың рухына құран бағышталып тұрады.

Аңыз әңгіме: Әр жылда 31-мамырда жазықсыз атылған жандардың ұрпақтары Түйетөбенің басына келіп, өткенді қан жылап еске алды. Солардың бірі Жазық Пірімжанқызы қартайған жасына қарамастан, жыл сайын осы төбеге жаяу шығады. Әкесінің атылғаны туралы деректерді, ақталғаны жөніндегі сарғайған құжаттарды құшақтаған қарияның, осы жерге келген кезде жанары жасқа толады.  Пірімжан Құдайбергенов осы өлкеде туып-өскен. Арғы аталары ел билеген адамдар болған. Пірімжан зобалаң жылдарда би тұқымы болғаны үшін ұсталады. Бұдан соң ауылдың бір топ белсенділерімен бірге нақақтан нақақ «халық жауы» деген жала жабылып, 1937 жылы осы Түйетөбеде атылған. Осы кезде бар болғаны бір жаста болған Жазық әже бүгінде қасіретті төбеге қараса әлі күнге дейін денесі түршігіп, жаны ауыратындығын жасырмайды.

Қазақтың тарихындағы ең бір қайғылы, қаісіретті жылдар – 30-50-ші жылдардың аралығы. Ашаршылықтан енді ғана басын көтерген қазақ халқы саяси қуғын сүргінге тап болды. Сондықтан да бұл ескерткіш белгінің Тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін алатын орны ерекше.