Арыстан батыр Тінәліұлы мавзолейі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 2005 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласынан 13 км оңтүстік-оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Т.Төлепбергеннің «Аянбай жаумен алысқан», «Қарабас батырдың ұрпақтары» кітаптарында және «Шалқар энциклопедиясында» Арыстан батыр туралы мәліметтер бар.

Қысқаша анықтамасы: XVІІІ- XІХ ғасырдағы ұлт азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі халық батыры Арыстан Тінәліұлының сүйегі Шалқар қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 13 шақырым Ақши мекенінің «Арыстан қорымында» жатыр. Қорымның өзі Сарыжығаның батыс жақ қырлықпен шектелер жерінде, биік төбенің басында, қырлық жағы қалың ши біткен табан екен, ол жерді бұрын Сасыққұдық деп атаған.

Арыстан батыр бейітінің орнын зерттегенде аумағының ұзындығы 9 метр ені 5 метр (сыртынан) күйдірген қызыл кесектен көмкерілген үлкен күмбезді, екі бөлмелі кесене болғаны анықталды. 2005 жылы батырдың бейіті жаңартылып күмбезді кесене тұрғызылды.

Аңыз әңгіме: Арыстан батыр — XVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген бүкіл қазаққа белгілі батыр, Ресей үкіметі «дала рыцары» деп мойындаған,  қолбасшы Көтібар Бәсенұлының немере інісі, жорықтардағы арқа сүйері, әрі ақылшысы.

Ел ауызындағы әңгімелер, тарихи құжаттар Арыстанның қазақ халқының азаттығы жолындағы күресте өзіндік орны бар екендігін айқын дәлелдейді. Арыстан ағасы Көтібармен бірге Кіші жүз жерінде әскери бекіністер салуды тоқтатуды, елдің жайылымдық жерлерін тартып алуды доғаруды патша үкімет орындарының алдына ресми мәселе етіп, бірнеше рет қояды. Мәселе шешімін таппаған соң қарулы көтеріліске шығуға мәжбүр болған. Олар Жайық, Ор, Жем өзендері бойындағы орыс-казак бекіністеріне әрдайым шағын қолмен аттанып отырған.

Архив деректеріне қарағанда Көтібар мен Арыстан 1787 жылдың жазында өздерінің 800-ден аса жасағымен Сырым Датұлының қозғалысына қосылып, көтерілістің аяғына дейін қатысады. Және одан кейін де патша өкіметіне қарсылығын тоқтатпайды. Орал қазақтарының атаманы, генерал-майор Д.Донсковтың 1797 жылдың 31 наурызда өкімет органдарына берген, Есім ханның өлтірілгені жөніндегі рапортында, ханды өлтіруге өзгелермен бірге 100-ге тарта шекті руының сарбаздары қатысқандығын көрсетеді.  

  Арыстан батыр алып денелі болған. Көне көз қариялардың айтуы бойынша, Арыстан ат үстінде тұрып садақ тартқанда оң ояғы жерге тиіп тұрған деген аңыз-әңгіме бар.