Бөкенбай батыр ескерткіші

Ескерткіштің атауы: Бөкенбай батыр ескерткіші.

Ескерткіштің түрі: монументтік өнер құрылысы.

Ескерткіштің мерзімі: 2019 жыл.

Ескерткіштің орналасқан жері: Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласы, Бөкенбай батыр көшесі.

Тарихи мәлімет: Бөкенбай батыр шамамен 1667 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк, Қобда аудандарының аумағында дүниеге келген. 1710 жылы Қарақұм құрылтайында Бас қолбасшы болып сайланып, 1726-1729 жылдары Бұланты, Аңырақай, Қалмаққырылған шайқастарында жоңғарларға қарсы жан аямай соғысып, қол бастаған. 1742 жылы елінің бостандығы үшін түрікпендермен болған қырғында қаза тапты.

Ескерткіштің сипаттамасы: Жылқы үстінде байрақ ұстап тұрған Бөкенбай батырдың мүсіні. Мүсін бес қатарлы шеңбер табанның үстіне орнатылған. Шеңбердің жалпы ұзындығы – 41 м. Тұғыры темір бетоннан жасалған: ұзындығы – 8,8 м, ені – 4,2 м. Ескерткіштің артында орта ғасырлық қамал стилінде арка тұрғызылған. Арканың ұзындығы – 37 м. Мүсін биіктігі – 5,98 м. Тұғырының биіктігі – 5,4 м. Екі қабатты баспалдағының биіктігі – 2,7 м. Жалпы биіктігі – 13,98 м. Арканың биіктігі – 6,6 м. Ескерткіш авторы: Жеңіс Жұбанғосов.