Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 2006—2007 жылдар.
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Жеңіс даңғылы 31, қалалық мәдениет Үйінің алаңы.
Тарихи мәлімет: Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968 жж.) – қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик. Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген. А.Жұбанов қазақтың музыкалық мәдениет зерттеп тануда, жүйелеп насихаттауда қажыр-қайрат көрсеткен тұлға.
Ғазиза Жұбанова (1927-1993 жж.) – сазгер, профессор, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы А.Жұбановтың қызы.
Ескерткіштің сипаттамасы: Композитор А.Жұбановтың ескерткіші қоладан құйылған, дирижер костюмінде, рояль алдында оң қолына дирижер таяқшасын ұстап ойланып отырған бейнесі сомдалған. Мүсін қызғылт гранитпен қапталып, тас тұғырға орнатылған.
Оның ұзындығы – 2,9 м., алдыңғы ені – 1,4 м., трапеция тәрізді биіктігі – 1,55 м., арқалығының биіктігі – 5,2 м., көлденеңі – 2,9 м. Ескерткіштің сол жағында жалпы диаметрі 38,0 м. құрайтын жарты шеңбер тәрізді 4 сатылы қызғылт гранитпен қапталған іргетас тұғырға ақшыл мрамормен қапталған биіктігі 7 м. болатын 7 колонна орналасқан.
Мүсіншілер Е.Сергебаев, Б. Әбішев, сәулетші Ж. Айнабеков
Жарты шеңбердің сол жақ шетінде А.Жұбановтың ескерткішіне қарама-қарсы көлемі – 2,5 м. х 3,1 м., биіктігі – 3,4 м. қызғылт гранитпен қапталған тұғырға қызы композитор Ғ.Жұбанованың ескерткіш-мүсіні орнатылған.
Мүсінші Ж.Кенбай.