Қалалық мешіт

Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет

Ескерткіштің мерзімі: 1908 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Ш.Берсеев көшесі, 22

Тарихи мәлімет: Ақтөбелік мұсылман қауымы өкілдерінің, қазақ байлары мен татар көпестерінің ерікті қаражатына бұл ғимараттың іргетасы шамамен 1903 жылдан бастап қаланып – 1908 жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталған және діни медресе ретінде пайдалануға берілген. Мешіттің ең алғашқы бас имамы Ибатулла Мәжитұлы. 1929 жылы мешіт жабылып, 1932 жылы облыстық баспаханаға берілді. Соғыс кезінде қалада батыстан эвакуацияланған кәсіпорындардың пайда болуына байланысты мешіттің тас қоршау қабырғасы және басқа да құрылымдары бөлшектеліп, «Рентгензавод» және «Сельмаш» цехтарының құрылысына пайдаланылды. 1991 жылы мұсылмандар тілегі бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі мешіт статусын қайтып береді.

Ескерткіштің сипаттамасы: Тік бұрышты (9,67 х 21,40 м) жоспардағы екі қабатты мешіт ғимаратының биіктігі 6,7 м. Ғимараттың қабырғалары күйдірілген кірпішпен үйлескен тас блоктардан жасалған. Ескерткіш Ақтөбе облысының аумағында бойлай-осьтік салынған кейінгі мұнаралы мешіттердің кең таралған түріне жатады. Солтүстік қасбетінде 8 қырлы, темір шатырлы күмбезді мұнара көтерілген (жалпы биіктігі-20,5 м). Қарама-қарсы қасбетінде михраб апсиді шығады. Екі қабатты қабырғалардың жазықтығы нишалармен, қалақшалармен, терезе мен есік ойықтарымен бөлінген.

2013 жылы мешіттің 110 жылдығына орай ғимарат толығымен өзгертіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.