Қарасақал некрополі: кесене, сағанатам, құлпытастар, шағын сәулет нысандары
Зерттелуі
Қорымды 1945 жылы Т.К.Бәсеновтің басшылығымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы сәулет ісі жөніндегі Басқармасының экспедициясы, 1979-80 жылдары Қазақ КСР мәдениет Министрлігі «Қазреставрация» экспедициясы зерттеді. Экспедиция құжаттары «Қазреставрация» архивінде сақталған.
Тарихи мәліметтер
Жемнің сол жағалауының орта бөлігінде жаңа дәуірге жататын көптеген қорымдар мен зираттар орналасқан. Солардың ішіндегі ең ерте және ірі ескерткіштердің бірі Қарасақал қорымы.
Тұрғындар арасындағы эпоним жөніндегі деректер анық емес және бір-біріне қарама-қайшы. Қазіргі заманғы эпитафия бойынша әлім тайпасы шекті (қабақ) руынан шыққан қазақ батыры Бақтыбай Төлесұлының лақап аты – «Қарасақал» болған. Ол кейбір деректер бойынша 1720–1780 ж.ж. өмір сүрген. Жазуы бар ағаш бағанмен белгіленген «Қарасақал» моласы бейіттің солтүстік-батысында орналасқан.
Қорымның эпонимі туралы халық арасындағы мәліметтер нақты емес әрі бір-біріне қайшы келеді. Қазіргі заманғы «қалпына келтірілген» эпитафияға сәйкес, Қарасақал – Әлім тайпасының Шекті руынан шыққан қазақ батыры Бақтыбай Төлесұлы. Оның лақап аты «Қарасақал» болған және кейбір деректер бойынша ол 1720–1780 жылдары өмір сүрген.
Алайда кейбір мәлімет берушілер Қарасақалдың тегі башқұрт болған деп есептейді. Бұған Кердері Әбубәкірдің Темір қаласындағы жәрмеңкеде бір «ноғаймен» айтысы дәлел ретінде келтіріледі. Сол айтыста Әбубәкір қарсыласын қазақ жерінде жатқан ата-бабасының қабірін іздемейді деп кінәлайды. Осыған байланысты 1740 жылы Башқұртстанда патша өкіметіне қарсы көтеріліс бастап, кейін Жайықтың арғы беті арқылы қазақ даласына қашқан башқұрт батыры Қарасақал туралы деректер назар аудартады. Қазақ жерінде Қарасақал «мен жоңғар билеушісі Қалдан Сереннен жапа шеккен оның тоқалдан туған інісі Шонамын» деген лақап таратқан.
Казак Матвей Араповтың мәліметінше, Қарасақал 1749 жылдың көктемінде қайтыс болған. Бірақ оның нақты жерленген орны көрсетілмеген.
Жерлеу нысандарын қазақ руларының Кіші жүз – адай, табын және т.б. өкілдері арасынан халық сәулетшілері, тас қашаушылары салған.
Қысқаша анықтама
Кешенде 1 мыңға жуық қабір басына қойылған ескерткіштер бар. Олардың көбісінің (саздан және бордан) іздері ғана сақталған.
Қорым екіге бөлінген: оңтүстік (ертеректегі) және XIX ғ. ортасы – XX ғ. басына жататын солтүстік бөлігі. Кешеннің орталық бөлігінде қабір үсті ескерткіштері аз. Оңтүстік бөлігінде негізінен тақтатастан қаланған қоршаулар, құлпытасы бар қоршаулар орналасқан. Қорымның солтүстік бөлігі (әсіресе солтүстік-шығыс шеті) ескерткіштердің алуан (сәулет-көркем) түрлі типтеріне толы. Қорым кесенелер мен сағанатамдар типтерінің түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың арасында сәулет өнері мен тас өңдеу өнерінің керемет үлгілері кездеседі. Кешеннің айтарлықтай маңызды ескерткіші 1886–1887 ж.ж. (1304 х.ж.) салынған Індібай тамы болып табылады. Әктастың кесілген блоктарынан тұрғызылған кесененің композициясы тікбұрышты негізі мен дулыға секілді күмбезінен тұрады. Ескерткіштің сыртқы беті алғашында тегіс бедерленіп өрнектелген. Ал ішкі жағы бояулы өрнектермен безендірілген. Құрылыстардың көп бөлігін кесілген блоктардан тұрғызылған сағанатамдар құрайды. Оларға тән бұл жерде олардың алғашқы үлгілері – шикі кірпіштен және тақтатастан салынған көне қоршаулар табылуы мүмкін. Олардың көп бөлігінде сағанатамдар секілді оңтүстік қабырғасында тақтатастармен көмкерілген кіретін есіктері бар. Қарасақал әулие қорымында жерлеу-культтік сәулет өнерінің шағын түрлері – әралуан және көп. Құлпытастардағы эпиграфика мен таңбаларға қарағанда қорымда Кіші жүздің әртүрлі руларының (адай, табын, ожырай, кете, шекті және т.б.) өкілдері жерленген. Қарасақал бейітіндегі ескерткіштердің әралуандығы Ембі даласындағы кейінгі орта ғасыр мен жаңа замандағы жерлеу-культтік сәулет өнері генезисінің негізгі жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.
Қарасақал қорымына негізінен жазғытұры Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғындары келіп зиярат етеді.
Сілтемелер: