2026 жылғы 16 қазанда Ақтөбе қаласында қазақ әдебиеті мен музыка өнерінің көрнекті өкілі, ақын, композитор және драматург Бәкір Төлеуұлы Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ескерткіш Облыстық халық шығармашылығы орталығының алдындағы алаңда бой көтерді. Салтанатты шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қаламгердің туған-туыстары мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, Бәкір Тәжібаевтың қазақ әдебиеті мен музыка өнеріне қосқан үлесін атап өтті. Ескерткіштің ашылу рәсімі Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Құтымбетұлы Әбдінұров пен Бәкір Тәжібаевтың інісі Мырзағалидың ұлы Ақан Төлеуовке ұсынылды. Салтанатты ашылудан кейін жиналған қауым ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, қаламгердің рухына тағзым етті.
Ескерткіштің авторы – мүсінші Болатбек Еркебайұлы Салаев. Жалпы биіктігі 4,2 метр болатын монументте Бәкір Тәжібаевтың отырған қалыптағы бейнесі сомдалған. Қаламгер қолына қалам ұстап, кітаппен жұмыс істеп отырған сәтінде бейнеленген. Ескерткіштің тұғырына ақынның есімі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін, Құрманғазы мен Абай шығармашылығына құрметін білдіретін өлең жолдары жазылған.
Бәкір Тәжібаев – Ақтөбе өңірінен шыққан қазақ өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі. Оның «Ақбұлақ», «Туған жер», «Гүлсің-ау», «Іңкәрім» секілді әндері халық арасында кеңінен танымал. Сонымен қатар қаламгер «Сал сері – Қыз қосан», «Ана жүрегі», «Қарагөз қарындасым», «Ақтау әні» пьесалары арқылы қазақ драматургиясының дамуына елеулі үлес қосты. Ол Нығымет Баймұхамбетовпен бірлесіп, композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына либретто жазған.
Бәкір Тәжібаевтың ғасырлық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар бағдарламасына жергілікті ақын, сазгер О. Байсеңгірдің «Ақбұлақ аға» атты кітабының таныстырылымы мен «Сөз бен саздың саңлағы» атты мерейтойлық концерт те енгізілген.
Ақтөбе қаласында Бәкір Тәжібаевқа арналған ескерткіштің ашылуы – қазақ әдебиеті мен музыка өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғаның есімін ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени оқиға. Жаңа монумент қаламгердің шығармашылық мұрасын келешек ұрпаққа танытуға және оның есімін ел жадында сақтауға қызмет етеді.
