Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Хазірет Досжан ишан мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл кешен аумағындағы мешіт мұнарасын және мешіттің артында орналасқан тұрғын үйді қалпына келтіру жоспарланған. Сонымен қатар мешіттің ішкі қабырғаларынан табылған тарихи ою-өрнектер мен араб жазуларын консервациялау және реставрациялау жұмыстары жалғасын тапты.

Жұмыстарды Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы ұйымдастырып отыр. Ғылыми-жобалық құжаттаманың авторы — «ИНЖСЕРВИС ПЛЮС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Реставрациялық жұмыстарды «СРРФ "Ұлытау-Ұлар”» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады.

Кешен тарихы

Досжан ишан Қашақұлы — XIX ғасырда қазақ даласында діни білім мен ағартушылықтың дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. Ол 1868 жылы Орынбор губернаторынан рұқсат алып, қазіргі Темір ауданы аумағындағы Шилі өзенінің бойында ірі діни-ағартушылық орталықтың құрылысын бастаған.

Тарихи кешеннің құрамында алты күмбезді мешіт, 150 шәкіртке арналған медресе, ұстаздар мен шәкірттер тұратын құжыралар, қонақжайлар, тұрғын және шаруашылық ғимараттары, мұнара, құдық пен бау-бақша болған. Кешен XIX ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін жұмыс істеп, Батыс Қазақстандағы ірі рухани және білім беру орталықтарының біріне айналды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мешіт пен медресенің қызметі тоқтатылып, ғимараттар қараусыз қалды. Уақыт өте келе күмбездер мен шатырлар құлап, кешеннің басым бөлігі топырақ үйіндісіне айналды. Соған қарамастан мешіт қабырғаларының кейбір бөліктері, медресе орындары, көне құдық, бұлақ және қорым бүгінге дейін сақталған.

Архивтік фотосуреттің маңызы

Кешеннің тарихи келбетін анықтауда орыс зерттеушісі және геоботаник Владимир Дубянскийдің 1904 жылы түсірген панорамалық фотосуреті маңызды дереккөз болды. Фотода мешіт, мұнара, тұрғын үйлер және кешеннің өзге құрылыстарының орналасуы көрінеді.Осы архивтік сурет негізінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде мешіт алдындағы мұнараның іргетасы мен Досжан ишан тұрған деп болжанатын үйдің орны анықталды. Зерттеу нәтижесінде тұрғын үйдің көлемі 18 × 22 метр болғаны және сегіз бөлмеден тұрғаны белгілі болды. Мұнара іргетасының көлемі 7,5 × 7,5 метр екені анықталды. Табылған құрылыс орындарының жоспары В. Дубянский фотосындағы кешен көрінісімен сәйкес келеді.

Владимир Дубянский түсірген Досжан ишан кешенінің панорамалық көрінісі. 1904 жыл.

Зерттеу және қалпына келтіру кезеңдері

Досжан ишан кешенін ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталды. Алғашқы кезеңде археологтер мешіттің құрылымын, іргетасын, өлшемдерін және пайдаланылған құрылыс материалдарын зерттеді. Осы деректер негізінде ескерткішті сақтау және қалпына келтіруге арналған ғылыми-жобалық құжаттар әзірленді.

2020 жылдан бастап кешен аумағында құрылыс және абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Досжан ишанның кесенесі жаңғыртылып, қонақ қабылдайтын және музей үйлері салынды. Бұлақ маңы абаттандырылып, көне құдық жөнделді, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйесі жасалды. Мешіттің сақталған қирандылары уақытша консервацияланды.

2021–2023 жылдары медресе аумағында жүйелі археологиялық қазба жүргізілді. Нәтижесінде оқу бөлмелері, шәкірттердің құжыралары, тұрғын және шаруашылық ғимараттары, пештер мен аралық дәліздер анықталды. Медресенің П тәрізді жоспармен салынып, көп бөлмеден тұрғаны белгілі болды. Ғимараттың бір бөлігіне консервация және реставрация жасалып, қалған археологиялық құрылымдар бастапқы қалпында сақталды.

2023 жылғы 7 қыркүйекте мемориалдық кешеннің алғашқы кезеңі салтанатты түрде ашылды. Жаңартылған кесене, музей мен қонақ қабылдайтын үй, барельеф, қалпына келтірілген құдық, аршылған мешіт қабырғалары және медресенің бір бөлігі келушілерге ұсынылды.

2024 жылы мешіттің ішкі бөлмелеріндегі археологиялық қазба жұмыстары жалғасты. Зерттеу барысында есік-терезе ойықтары, аркалар мен күмбездердің құрылымы анықталды. Мешіттің әр бөлігі әр кезеңде кеңейтіліп салынғаны белгілі болды.

Тарихи ою-өрнектерді сақтау

Мешіт бөлмелерін тазарту кезінде қабырғалардан қызыл, сары, жасыл, көк және қара түсті бояулармен салынған өсімдік тектес ою-өрнектер, араб қарпіндегі аяттар мен хадис мәтіндері табылды. Кейбір бөлмелердің қабырғалары тұскиізге ұқсас тұтас композициялармен безендірілген.

Зертханалық сараптама бояулардың минералдық пигменттер мен сүйек немесе тері шелінен алынған табиғи желім негізінде әзірленгенін көрсетті. Бояу әк пен гипс араласқан ақ негізге жағылған. Оның астында ұсақталған қамыс қосылған саз сылақ бар.

Түпнұсқа кескіндердің бір бөлігі қабырғалардан арнайы әдіспен алынып, зертханалық консервацияға жіберілді. Олар тазартылып, нығайтылып, жаңа негізге бекітіледі. Кейін тарихи фрагменттер музей экспозициясына қойылып, ал мешіт қабырғаларына олардың ғылыми негізде дайындалған көшірмелері орналастырылады.

Былтыр мешіттің солтүстік-шығыс бөлігінің қабырғалары, есік-терезе ойықтары мен аркаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Медресенің бір бөлігі реставрацияланып, екінші бөлігі археологиялық нысан ретінде консервацияланды.

Алдағы жұмыстар

Келесі кезеңде тарихи мешіт мұнарасын қалпына келтіру, Досжан ишан тұрған үйдің сақталған құрылымдарын консервациялау және реставрациялау көзделген. Мешіт интерьеріндегі ою-өрнектер мен жазуларды қалпына келтіру де одан әрі жалғасады.

Жобаның түпкі мақсаты — Досжан ишан кешенінің тарихи келбетін ғылыми деректер негізінде жаңғыртып, оны рухани-ағартушылық, ғылыми-танымдық және туристік нысан ретінде дамыту. Болашақта кешен аумағында этноауыл мен ашық аспан астындағы музей құру жоспарланып отыр.