Сүндет кесенесі

Сүндет кесенесі

Зерттелуі

Кесене алғаш рет 1946 жылы Т.Е. Бәсеновтың жетекшілігімен ҚазССР Министрлер Кеңесі жанындағы Сәулет істері жөніндегі басқарманың экспедициясы зерттеді. 1979 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Қазқайтажаңғырту» экспедициясы зерделеді. Сонымен қатар, С. Әжіғали еңбектерінде ескерткіш туралы ақпараттар берілген.

Қысқаша анықтамасы

Кесене – Батыс Қазақстандағы көне сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. Оның сәулеттік келбетінде біркамералы кесенелерге тән дәстүрлі жоспарлау ұстанымдары жаңаша сипатта дамытылып, үйлесімді шешім тапқан.

Кесененің сегізқырлы қабырғалары, төбесі күмбезбен безендірілген киіз үйді еске түсіреді. Кіреберіс тұсы перде тәрізді етіп безендіріліп, ғимараттың көркемдік келбетін айқындай түседі.

Кесене сыртқы көлемдік композициясының тұтастығымен және басты қасбетінде қолданылған қатаң геометриялық ою-өрнектерімен қызықты. Кіреберіс жақтауындағы қазақтың ұлттық «түйетабан» тәрізді өрнегі салынып, «жіп» тәрізді өрнекпен өрнектелуі ғимараттың сәулетімен үйлескен.

Кесене өлшемдері: қырларының сыртқы ұзындығы – 2,5 метр, ішкі – 1,7 метр, шеңбердің диаметрі – 7,0 метр. Сақталған биіктігі – 6,0 метр. 

Аңыз-әңгімелер

Сүндет – халық жадында сақталған адай руының өкілі, Жем-Сағыз өзені аңғарындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Аңыз бойынша Сүндет XIX ғасырда өмір сүрген діни қайраткер және бай адам болған. Сүндет бірнеше рет әділ сот өткізген бітімгер ретінде, әртүрлі дауларды шешуде халық құрметіне ие болып, халық жадында сақталған.

Деректерге сүйенсек, кесене адай руы өкілдерінің тапсырысы бойынша халық шебері Дәулетнияздың қолымен тұрғызылған. Ал кейбір мәліметтерде оны Меккеден қажылықтан оралған ұлы Ағысбайдың тапсырысымен салынғаны айтылады. 

Сілтемелер:

  1. Wikipedia: Сүндет күмбезі
  2. kieli.kz: Сүндет кесенесі
  3. ruh.kz: Сүндет кесенесі


Фотогалерея

Видео материал

Картадағы орны

Координаттар: 47.513055555556, 55.801666666667