Тоқпан кесенесі

Тоқпан кесенесі

Зерттелуі

Ескерткішті алғаш рет 1944 жылы Т. Басеновтің жетекшілігімен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Сәулет істері жөніндегі басқарманың Ақтөбе бөлімінің мамандары зерттеді. 1979 жылы ескерткішті С. Әжіғалидың жетекшілігімен «Қазреставрация» экспедициясы қайта зерттеді. Зерттеу материалдарының бір бөлігі «Қазреставрация» архивінде сақталған.

Құлпытастағы эпитафияға сәйкес мавзолей XIX ғасырда қазақтың шекті руының көрнекті өкілі Тоқпанға арнап салынған. Ескерткіштің салыну тарихына қатысты өзге деректер анықталмаған.

Сипаттамасы

Мавзолейдің кіреберісі оңтүстікке қаратылған. Ол порталды-күмбезді, бір камералы құрылыс болып табылады. Жоспары бойынша ескерткіш бұрыштарында шығыңқы мұнаралары бар тіктөртбұрышты пішінде (8,0 × 8,5 м) салынған. Интерьері қырларында терең қуыстары бар дұрыс емес сегізқырлы жоспармен шешілген.

Мавзолейдің қасбеттері жоғары қарай жіңішкере түсетін бұрыштық мұнара-пилондармен нығайтылған. Соған сәйкес қабырғаларының қалыңдығы 1 м-ге дейін жетеді. Күмбез осы қабырғаларға тірелген.

Порталы көлемі 2,0 × 1,7 м кіреберіс тамбур түрінде жасалып, бастапқыда аркалы күмбезбен жабылған. Интерьердегі қуыстар да аркалы жабынмен көмкерілген, олардың жоғарғы бөлігі қалау ішінде бөренелермен бекітілген.

Ғимарат әлсіз күйдірілген кірпіштен гипс ерітіндісімен қаланған. Қасбеттері күйдірілген кірпішпен ұштастырылған шикі кірпішпен қапталған. Интерьерде ағартылған сылақтың, сондай-ақ жасыл және сары түсті қабырға кескіндемесінің жекелеген үлгілері сақталған.

Мола камерасының батыс қырында сыпырылмалы басы және көлемді бөліктері бар құлпытас-стела орналасқан. Оның беті жалпақ рельефті ою-өрнекпен және араб жазулы эпиграфикалық мәтіндермен безендірілген.

Мавзолейдің сақталған бөлігінің ең биік нүктесі 3,5 м.

Уақыт өте келе мавзолей едәуір тозған. Камера үстіндегі күмбез бен порталдың аркалы жабыны құлаған. Ғимарат қабырғалары сыртқа қарай қатты қисайған. Интерьердегі сылақтың көп бөлігі түсіп қалған.

2023 жылы мавзолейдің одан әрі бүлінуін тоқтату мақсатында «Қазреставрация» мамандары ескерткішті консервациялау жұмыстарын жүргізді.

Аңыз-әңгіме

Тоқпан Есет батырдың әкесі Көтібар батырдың туған інісі болған. Ел аузындағы аңыз бойынша, батырлық Есетке, дәулет Тоқпанға қоныпты. Есет батыр ағасы Тоқпанның малын топтап айдап әкеліп, қажетіне жарата береді екен. Бірде шектен шығып кетсе керек.

Сонда ашуланған Тоқпан үстіне сауыт киіп, Тортөбел атына мініп, Есеттің ауылына келеді. Қаһарына мінген Тоқаң:

«Есет деген батырсымақтарың қайда? Шықсын бері! Әуселесін көрейік!»

деп айқайлайды. Мұны естіген Есет бой тасалайды. Жасы үлкендер қаумалап:

«Тоқа! Тоқа!» 

деп әрең тоқтатады.

Сонда:

«Есепсіз мал шашу кез келгеннің қолынан келеді. Есет "мал таптым" дер, тапса мен бақтым. Мал табу оңай, бағу қиямет, шашу қиянат. Батырмын, ел шаптым дейтін шығар. Ел шабу деген, міне, осы. Бұдан жеңіл ештеңе жоқ», 

депті.

Көтібар батырды патша өкіметіне қарсы әрекеттері үшін тұтқындау жөнінде 1810 жылы Орынбор генерал-губернаторы Г. С. Волконский жарлық береді. Сол жылдың 10 мамырында гвардия майоры С. М. Татарскийдің басшылығымен Көтібарды тұтқындауға екі бөлімнен тұратын ірі әскери жасақ аттандырылады.

Мұны естіген батыр шұғыл түрде 500-ге жуық сарбаз жинап, оларды төрт топқа бөліп, Жамантау мен Жақсытау аралығындағы қолайлы орындарға орналастырады. Бір топты өзі басқарса, қалған үшеуін Арыстан батыр, Тоқпан батыр және Көрпебай батыр басқарады.

Көтібар С. М. Татарскиймен әдейі кездесіп қалғандай болып, кейін шегінеді. Орыс жасағы соңынан қуады да, алдын ала дайындалған тосқауылға тап болады. Төрт жақтан қоршауға түскен С. М. Татарский жасағы күйрей жеңіледі. Шайқаста 370 жылқы олжаланып, 42 солдат тұтқынға алынады. Осы ұрыста Тоқпан батыр бастаған жасақ ерекше ерлік көрсеткен.

Фотогалерея

Картадағы орны

Координаттар: 47.62407953, 59.16503014