Асан-Қожа некрополі: кесене, сағанатам, құлпытастар, шағын сәулет нысандары

Асан-Қожа некрополі: кесене, сағанатам, құлпытастар, шағын сәулет нысандары

Зерттелуі

Қорымды зерттеу еңбектерінің қатарына М.М. Мендикуловтың «К характеристике архитектуры Казахстана ХІХ и начала ХХ вв.» атты мақаласын (Ә. Марғұлан, Т. Бәсенов, М. Меңдіқұлов «Архитектура Казахстана» кітабында) жатқызуға болады.

Сондай-ақ, С. Әжіғали еңбектері – «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиции 1980 г. в Западном Казахстане» (Қазпроектреставрация институтының архиві) және «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиции в Актюбинской обл.» – некропольді зерттеудегі маңызды дереккөздер болып табылады.

Қысқаша анықтамасы

Жем өзенінің сол жағалауында орналасқан бұл бейіт – жаңа дәуірдегі қазақ халқының ірі қорымдарының бірі. Қорым аумағы шағын болғанымен, әртүрлі қабірүсті құрылыстарға бай (барлығы 264 нысан анықталған).

Олардың қатарында борлы әктастан қаланған мавзолейлер, қашалған тастардан тұрғызылған сағанатамдар, тас және саз кірпіштен салынған қоршаулар, сандықтастар, құлпытастар мен «қойтастар», көне және жаңа бейіттер, мешіт ғимараты кездеседі. Көп жағдайда құлпытастар басқа ескерткіштермен біріктіріліп қондырылған.

Кешен 2 топқа бөлінеді. І топ – биік төбеде, Тұз қыстауынан батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізінен қоңыр құмтастан қаланған қоршаулардан тұрады. Сондай-ақ шайылған жер үйінділері мен қоршаулар, шеген түріндегі ескерткіштер бар. Бейіттің ерекшелігі қоңыр құмтастың құлпытас материалы ретінде қолданылуы. 

Нысандардың ішінде сәулет және бейнелеу өнерінің үйлесімді үлгісін көрсететін ХХ ғасырға жататын №13 және №164 сағанатамдар ерекшеленеді. Ескерткіштердің басым бөлігін құлпытастар мен қойтастар құрайды. Олардың арасында көлемдері айқын бөлінген, қашау жұмысы нәзік орындалған архаикалық және жаңа үлгілері кездеседі.

Құлпытастардың батыс қырларында қазақ тіліндегі араб графикасымен жазылған жазулар қашалып түсірілген.

ІІ топ – І топтан оңтүстік-батысқа қарай 800 метр қашықтықта орналасқан. Көне, жаңа бейіттерден және мешіт ғимаратынан тұрады. Бейіттің көне бөлігі негізінен тастан қаланған қоршаулардан, шикі кірпіштен қаланған қираған қоршаулардан және шеген түріндегі қоршаулардан тұрады. Қорымның оңтүстік-шығыс жағынан 150 метр жерде тіктөртбұрыш жоспарлы, шикікірпіштен саз балшық ерітіндісінен қаланған Асан ишан мешіті орналасқан. 

Аңыз-әңгімелер

Асан - ағартушы-гуманист, рухани ұстаз, қол бастаған көсем, елді ұйытар шешен тұлға болған. 

Асан-Қожа атануының себебі қазақ жеріне қожалар келіп, ислам дінін таратқан, медресе ашқан, балаларды оқытқан. 

Асанның «Қожа» атануы қазақ жеріне қожалардың келіп, ислам дінін таратып, медресе ашып, балаларды оқытуымен байланыстырылады. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Асан халық арасында үлкен беделге ие болып, ислам дінін насихаттаған, әрі Қожа руынан шыққан адам болса керек.

Халық Асан-Қожаны әулие тұтып, оның басына түнеп, зиярат етеді.

Асан-Қожа бүкіл қазаққа танымал Асау Барақ сияқты тарихи тұлғалармен тұстас өмір сүрген.

Сілтемелер: 

  1. Wikipedia: Асанқожа қорымы
  2. Qojalar.kz: Асан Қожа


Фотогалерея

Видео материал

Картадағы орны

Координаттар: 47.113055555556, 55.353611111111