Бисен хазірет мешіті
Тарихы
Бисен хазірет 1878 жылы қазіргі Қобда ауданының Жарық ауылына жақын Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Әкесі Абдолла діни-ағартушылықпен айналысып, Мекке қаласына екі рет қажылық сапарға барған.
Бисен хазірет 15 жасқа толғанда әкесі оны Бұхара қаласына оқуға жібереді. Медреседегі үш жылдық оқуын сәтті аяқтағаннан кейін Стамбұл қаласында тағы бес жыл білім алып, 23 жасында елге оралады.
Бисен хазірет елге оралған уақытта әкесі Абдолла қажылық сапарында қайтыс болады. Ол сапарластарына ұлының білім алып жүргенін айтып, баласы елге оралған кезде мешіт салуды жоспарлағанын жеткізеді. Орындалмай қалған осы арманын жүзеге асыруды аманат етеді.
Әке аманатын орындаған Бисен хазірет Ойыл өңірінен шыққан танымал шебер Бірмән (Бірмағамбет) ұстаға Жаманкөл жерінде мешіт-медресе салдыртады. Осы мешіт-медреседе 16 жыл бойы балаларға білім береді.
Кеңес Одағының дінге қарсы саясаты күшейген кезде Бисен хазірет қуғынға ұшырады. Ол 1928 жылдан бастап, 1963 жылы туған жеріне оралғанға дейін Башқұртстанда және Орынбор облысы Ақбұлақ ауданының түрлі елді мекендерінде тұруға мәжбүр болды. 1951 жылы оған «халық жауы» деген айып тағылып, Иркутскіге жер аударылды. Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1956 жылы толық ақталды.
1957 жылы Бисен хазірет замандастары Кәрімберген молда және Сағидолла хазіретпен бірге өздері білім алған Бұхара қаласына сапар шекті.Бисен хазірет 1969 жылы 91 жасында дүниеден өтті. Өзінің өсиеті бойынша Құмсайдағы Бірмән әулиенің жанына жерленді.Зерттелуі
Ескерткіш 2008 жылы «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында зерттелді. 2017 жылы «Тұран» телеарнасының «Аманат» экспедициясы нысанға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижелері негізінде кітаптар шығарылып, телебағдарламалар дайындалды.
Ескерткіштің қысқаша сипаттамасы
Ескерткіш XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында аймақта кең таралған мешіттердің үлгісінде салынған. Ғимарат солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған осьтік бағытта орналасқан.
Мешіт — тік төртбұрышты жоспарлы, бір қабатты, шикі кірпіштен салынған құрылыс. Іргетасы табиғи тілім тастардан қаланған. Ішкі бөлігі үш бөлмеден тұрады. Ғимараттың 10 терезесі мен бір кіреберіс есігінің ойығы сақталған. Ұзындығы — 15 м., Ені — 6,8 м., Сақталған биіктігі — 3,5 м.
Неліктен бұл ескерткіш маңызды?
Бисен хазірет мешіті — өңірдегі діни-ағартушылық тарихтың құнды куәсі. Ол XX ғасырдың басындағы мешіт-медреселердің қызметін, жергілікті құрылыс шеберлерінің тәжірибесін және халықтың білімге деген ұмтылысын танытады.
Ескерткіш Бисен хазіреттің әке аманатына адалдығын, ағартушылық қызметін және кеңестік қуғын-сүргін кезіндегі күрделі тағдырын көрсетеді. Сондықтан бұл нысан тек сәулет мұрасы ғана емес, тарихи жадының, рухани сабақтастықтың және адам төзімділігінің белгісі саналады.
Сіз білесіз бе?
- Бисен хазірет Бұхара мен Стамбұл қалаларында жалпы сегіз жыл білім алған.
- Мешіт-медресе Бисен хазіреттің әкесі Абдолланың аманаты бойынша салынған.
- Бисен хазірет осы жерде 16 жыл бойы балаларға діни және ағартушылық білім берген.
- Оның Иркутскіде айдауда жүрген кезінде күнделік түрінде жазған бес беттік жазбасы сақталған.
- Бисен хазіреттің 1956 жылы ақталып, түрмеден босатылған кезде берілген төлқұжаты мен айдауда жазған күнделігі «Руханият» музейінде сақтаулы тұр.
- Мешітті Ойыл өңірінің танымал шебері Бірмән (Бірмағамбет) ұста салған.
- Бисен хазірет мешіті жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына жатады және Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізілген.
- А. Мұсаев: Бисен хазірет // Ана тілі газеті, 13 сәуір 2012 ж.
- А. Тәңірбердіқызы: Бисен хазіреттен қалған жазба // Ақтөбе газеті, 29 Мамыр 2014 ж.
- И. Құбайдоллаұлы: Қобдадан шыққан хазіреттер // Ақтөбе газеті, 11 Мамыр 2017 ж.
- И. Жаймағамбетова: Қобда жағасындағы ескерткіштер // Ақтөбе газеті, 11 қаңтар 2019 ж.