Абат-Байтақ қорымы халықтық сәулет және тас қашау өнері мемориалдық музей кешені

Абат-Байтақ қорымы халықтық сәулет және тас қашау өнері мемориалдық музей кешені

Зерттелуі

Профессор С. Әжіғалидың дерегінше, бұл кесене туралы тұңғыш рет тарихшы П. И. Рычков «1750 ж. инженер Ригельманның Қобданың бойында болып, бұл жерде халқы Астана санайтын «Байтан» деген кесенені көргендігін айтады». Одан кейінгі дереккөздің бірі – археолог, шығыстанушы Ж. А. Кастаньенің «Надгробные сооружения киргизских степей» еңбегінде «Абат-Байтақ» кесенесінің фотосы алғаш рет жарияланған.

Ал 1947 жылы алғаш рет жартылай қираған кесененің өлшемдерін жасаған инженер Г. Герасимов болатын. Қазақстандықтар арасынан «Абат-Байтақ» кесенесіне алғаш рет экспедиция ұйымдастырып, өз кітабында хабарлар берген тарихшы-архитектор М. Меңдіқұлов еді. Ол кесененің салыстырмалы-типологиялық сипаттамаларына көп тоқталады. Күмбезді кесенелер жөнінде көптеген мәлімет берген Г. А. Пугаченкованың сипаттамалары Меңдіқұловтың салыстыруларына сәйкес келеді.

2006 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кесене толығымен ғылыми-реставрациядан өткізілді. «Абат-Байтақ: қазақ даласының інжу-маржаны» атты жинақ шығарылды. Бұл жинақта осы қорым мен кесенеге қатысты көптеген тың материалдар берілді.

Бұл ескерткіш ортасында орналасқан зәулім кесенеге байланысты «Абат-Байтақ» қорымы деп аталады. Көптеген жылдар бойы бұл ескерткіш жойылып, ғылыми зерттеулер үшін жоғалды деп есептелді. 1980 жылдардың басында ғана археолог Серік Әжіғалидің басшылығымен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің экспедициясы ескерткішті қайта ашты. Ал 1982 жылы қорым республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.

Қысқаша анықтамасы

Бұл қорым сәулет өнерінің көркемдік құрылыстары бой көтерген тарихи әрі мемориалдық кешен болып табылады. Қорымның ортасында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жөндеуден өткен күмбезі күнмен таласқан, еңселі ескерткіш – «Абат-Байтақ» кесенесі орналасқан. Кесенеге дейін тастар төселген жүргіншілер жолы салынған.

Профессор С. Әжіғалидің зерттеулері бойынша, кесененің қалыңдығы 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық қасбеті болған. Кесененің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14,5 метр.

Белгілі зерттеуші М. Меңдіқұловтың айтуынша, кесененің бастапқы биіктігі 16 метр. Кесене ішіндегі қабірлерге қазба жұмыстарын жүргізген белгілі археолог Ерболат Смағұловтың 2004 жылы алған өлшемі бойынша, кесененің бастапқы биіктігі 17,2 метр болған. 1980 жылдардың басында сәулетші-реставратор А. Итенов кесенені консервациялаудың жоспарын жасаған.

Кесененің батысында XVIII-XX ғасырларға тиесілі 243 құлпытас қойылған үлкен қорым орналасқан. Бұл құлпытастар әртүрлі композициялық құрылыстармен көркемделіп, сәулетінің сәні салтанат құрып, көздің жауын алады. Мұнда қазақ халқының ою-өрнек салу өнері мен сәулеттік құрылыс шеберлерінің ең биік үлгісін көруге болады. Бұл эпиграфикалық ескерткіштерде араб жазулы мәтіндер мен ру-тайпа таңбалары қашалған.

Аңыз-әңгіме

Зерттеушілер «Абат-Байтақ» қорымы туралы сөз қозғағанда мұндағы еңселі ескерткіш «Абат-Байтақ» кесенесінің қалай пайда болғаны, мұнда кімдер жерленгені, архитектурасы, құрылысы, қазба жұмыстары, атауы туралы және кесенеге қатысты мәселелерге көп назар аударады. Бұл кесененің «Абат-Байтақ» аталуы туралы да көптеген нұсқа бар. Олардың ішіндегі ең көп тарағаны, қазаққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», «Жерұйық» іздеп, желмаясымен жер-жаһанды шарлаған Асан Қайғының ұлы – Абат батыр жерленген деген аңыз басым. Аңыз бойынша Абат батыр қайтыс болғаннан кейін халық оның жерленген жеріне небәрі үш күн ішінде кесене салған. Осыған байланысты, Абат атына «байтақ» деген тіркес қосақталады. Себебі, Абаттың басын кең байтақ өлкенің «байтақ» тұрғындары тұрғызды деген мағынаны бергісі келген болу керек.

Бұдан бөлек, бұл кесененің атауы мен кімге тиесілі екендігіне байланысты басқа да нұсқалар баршылық. Оның бірі қалмақ батыры Байтаққа тұрғызылған кесене деген де нұсқа бар. Бұл жөнінде де С. Әжіғали өз зерттеуінде атап өтеді. XIX ғ. Соңында зерттеуші Я. Полферовтың 1896 жылы «Тургайская газета» бетінде жарияланған мақаласында «бұл кесенеде Бату ханның қолбасшысы Байтақ батырдың Қобданы қалмақтардан азат ету жолында қаза болғаны туралы және аңыз бойынша батырмен бірге оның әйелі, тұлпары, қалмақ тұтқындар бірге жерленген» деген дерек келтіреді. Бұл аңыздар мазмұны тұрғысынан оқиғалар желісі өзара іштей қарама-қайшылыққа тұнып тұр.

Сілтемелер:

  1. Мирас НУРЛАНУЛЫ: Старожилы. Мавзолей Абат-Байтак // портал Qazaqstan tarihy, 12 августа 2015 г.
  2. Индира Өтеміс: Абат-Байтақ: көне құлпытастар зерттеліп жатыр // Ақтөбе газеті, 13 тамыз 2019 ж.
  3. И.Жаймағамбетова: Абат-Байтақ — туған өлкенің басты ескерткіші // Ақтөбе газеті,  21 шілде 2022 ж.
  4. Алмагүл САРЫБАЙ: Абат-Байтақ // Ақтөбе газеті, 28 шілде 2023 ж.
  5. Баян Қуандыққызы: Абат-Байтақ эпиграфиялық ескерткіштері // Егемен Қазақстан газеті, 14 ақпан 2024 ж.
  6. Алина Имамбаева: Тайны некрополя Абат-Байтак // mir24.tv, 20 сентября 2024 г



Фотогалерея

Видео материал

Картадағы орны

Координаттар: 50.095356, 55.907847